1985 жылы СПТУ No 24 - СПТУ No 12 болып қайта ұйымдастырылды (Талды - Қорған облыстық ОББ 28.08.1985 ж. No 87 бұйрығы).
Содан кейін СПТУ No12 және No 50 ТУ - ПТЛ No3 болып қайта ұйымдастырылды (Талды-Қорған облыстық ОББ 25.07.1995 ж. No157 бұйрығы).
ПТЛ No3 және ПТЛ No2 - ПТШ No3 -ке біріктірілді (Алматы облысы облыстық ОББ No55 п-1 22.08.1997 ж. бұйрығы), ПТШ No3 ПШ No3 (Алматы облысы білім басқармасының 30.10.2002 ж. No 10-269 бұйрығы).
ПШ No 3 - ПЛ No3 деп өзгертілді (Алматы облысы әкімінің 16.05.2008 ж. No 102 қаулысы).
2013 жылы Талдықорғанның No3 кәсіптік лицейі (No3 ПЛ) «Алматы облысының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Талдықорған өнеркәсіптік өнеркәсіп және жаңа технологиялар колледжі» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны (Алматы облысы әкімінің 14.06.2013 ж. No170 қаулысы) болып өзгертілді.
Ал 2023 жылы колледж «Жетісу облысының білім беру бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Талдықорған өнеркәсіптік колледжі» РММ жанындағы мемлекеттік кәсіпорны болып қайта ұйымдастырылды (Жетісу облысы әкімінің 09.02.2023 ж. No 36 қаулысы).
Колледж директоры Джумадилов Асет Казыевич. 2023 жылы осы колледжге директор болып тағайындалды. Оқу үрдісіне алғашқы күннен бастап, жаңа көзқараспен, жаңа заманауи талаптағы технологиялар мен өзгерістер енгізуге ат салысты. Оқу мекемесіндегі жұмыстар жүйелі негізге қойылып, өркенді, тындырымды жұмыстар істелуде. Арнайы және жалпы пәндерге арналған кабинеттер - жаңа техника құрал-жабдықтарымен қамтылып жатыр, бірақ әлі де болса осы бағыттағы жұмыстар көп күш жұмсауды талап етеді.
Автослесарь шеберханасын күрделі жөнделіп, жаңа жабдықтармен жабдықталды. Сонымен қатар "Слесарлық іс" "Авариялық - қалпына келтіру слесарі" мамандығына арнап ангар тәрізді құралмалы ғимарат құрылысын салуға ат салысты.
Келелі істер кезеңді, дәріпті жоспарланған. Алдыда "Жұмысшы мамандығы жылы" мен "Колледждің 90 жылдығын" атап өтуге үлкен қарқымды істері жасалмақ.
Колледж тарихы мұрағаттық анықтамаға сүйенсек:
Мұрағат құжаттары мен газет беттеріне шыққан материалдарға сүйеніп, бұл кәсіптік оқу мекемесінің өткен жолдар тарихын баяндауға болады. Жетісудің Қаратал (Көксу) қойнауындағы Гавриловка селосынан 15 шақырымдай қашықтықта, Жетісу облысының губернаторы Г.А.Колпаковскийдің құзырымен 1908 жылы Қапал ауылшаруашылық мектебі ашылады. Ашылу салдары жергілікті тұрғын елді әкімшілікке биліктегі төменгі сатылы қызметке тәржіме, болыстардың хатшылығына, астық сеуіп, жинауға мәліметшілер даярлау болды. Әр болыс өз түлегін оқытуға міндеттелді. Қазақтар балаларын «орыстанып кетеді» деп, ол мектепке оқытуға қарсылық етті. Болыстар ауылдың кедей тап балаларын оқытуға душар қылды. Сондықтан мектептің оқушылары ауылдың кедей таптарынан құралды.
Алғашқы оқушылар легі
Жетісудің Қаратал өңірі ақ патшаның ұйғаруымен саяси сенімсіз жандардың тұрағына жататын еді. Мұрағатта Мәскеу университетінің студенті Иван Михайлович Иванов 1905 жылғы бүлікшілдікке қатысқаны үшін қуғындалып, Көксудің ауылшаруашылық мектебіне математика пәнінен дәріс бергені туралы құжаттары сақталған. Түркістан генерал-губернаторы: «Тыныш жатқан елді оятып, бүлдіруі мүмкін», - деген негізде, осындай жандарды бұл өңірге айдауға жібермеуді Петербор басшыларына хат жазып, өтініш қылған екен. Он шақты жылдарды артқа сала, 1922 жылы сәуір айында Түркістан орталық атқару комитеті президиумының жарлығымен Гавриловка селосы Талды-Курган деп аталып, Талды-курган уезінің орталығы болады. Ал 1925 жылы Талды-Курган селосы Талды-Курган қаласы деген статусқа ие болады. Талды-Курган уезінде 56 оқу мекемесі жұмыс істеп, 1580 оқушыларға 114 мұғалім дәріс береді. 56 оқу мекемесінің ішінде жалғыз ауылшаруашылық мектебі ғана болады.
Гавриловка селосында 1921 жылы коммуналар құрылып, бара ол коммуналар ауылшаруашылық артелі болып өзгереді. Артельдер атаулары сақталмаған. Олар көпке бармағаны анық. Артельдердің орнына арнаулы техниканы жөндеу шеберханалары мен ұстаханалар орнығады. 1921 жылы Гавриловка селосында машина-трактор пункті ашылып, онда 153 соқа, 37 тырма, 3 егін егетін жабдықтар, 10 культиватор, 6 ат тырмасы, соқа, 3 молотилка, 4 жатка, 1 веялка, 3 сортировка әкелінеді.
Жетісудағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге байланысты жаңа үрдіс кооперативтер орнайды. 1926 жылы Гавриловка селосына қарасты 35 кооператив шаруашылығы құрылады. Олардың 17-сі ауыл шаруашылығына, 7-і егін шаруашылығына, 5-і мал шаруашылығына, 2-і су шаруашылығына арналады. Жаңа экономикалық саясат жоспары үлкен жетістіктер мен нәтижелерге қол жеткіздіреді.
Бір қызығы 1935 жылға дейін Талды-Курганда бірде-бір механизация мектебі болды деген дерек кезікпейді. Бірақ, кәсіптік-техникалық білім жүйесінің ардагерлері Талды-Курганда механизация мектебі болған деп есептейді. Дерек болмаған соң, ол құптарлық іске жатпайды. Мұрағат құжаттарында облыс бойынша 1935 жылы Қапал селосында арнаулы ауылшаруашылық механизация мектебі құрылады. Тура сондай механизация мектебі Лепсинскі селосында да ашылады. Бұл мектептердің мақсаты Жетісу өлкесінде білікті механизатор мамандарын оқытып, ауылшаруашылық саласына даярлапты. Бастапқы мектеп жөнделіп, сырланған қойма ғимаратында орналасыпты. Оқу дәрісіне арналған бәр-жоғы екі-ақ класс ғана болыпты. Ауладағы шатыр астындағы шеберханаларда ХТЗ және У-2 тракторлары орналасыпты.
Құрал-саймандар мен қосымша бөлшектер тапшылық етіпті. Әдістемелік құралдар ныспы болмады десе болады. Дәріс беретін білікті, тәжірибелі оқытушылар мен шеберлер құрамы да жардымды болмағаны аңғарылады. Ашарлықтан қалған елдің күн көрісі де нашар болған болатын. Механизация мектебіне келген оқушылар жазу-сызуды білмеген, техниканы алғаш көргендерден тұрды. Бұл елдің техникалық және экономикалық артта қалып, аяғынан қаз-қаз басып, енді еңсесін көтеріп келе жатқан шағы болатын. Механизация мектебіне оқытушылық және шеберлік кәсіпке білікті жұмысшы механизаторлар шақырылды.
Ең алғашқы осындай қызметке ұйымдастырушылық белсенділік танытқан, техника білгірі Михаил Лукич Андрющенко болды. Ол Алтай өлкесінде 1933 жылы комбайнерлер курсын тамамдап, Талды-Курганға келіп машина-трактор станциясында комбайнер болып жұмыс істейді. Ол және бес әріптесі механизация мектебіне инструкторлық қызметке жолдамамен келіп орналасады. Педагогтар ұжымы қиын кезеңде қалыптасады. Ең алғашқы механизация мектебінің директоры болып Георгий Андреевич Қобяков тағайындалады. Оқытушылар мен шеберлер таңның атысынан күн батқанынша, уақытпен санаспай еңбек жасайды. Машықтану және іс-тәжірибелік дәрістер шаруашылықтар даласында жүргізіледі. Ал кешкісін 90 оқушы парталарға отырып, теориялық дәрістер оқитын болады.
1936 жылы Қазақ КСР халық жер комиссариатының бұйрығымен механизация мектебінің базасы өзгере жаңарып, Қапал механизация мектебі деп аталады. Соғысқа дейінгі жылдарда бұл мектепті 800 түлек бітіріп, кәсіби мамандық алып шығады. Олар техникалық үрдістің алдыңғы қарлығаштары болғандықтан жақсы, өнегелі істерімен көрініп, егін егіп, қызылша дақылдарын өсіріп, механизациялауға үлкен үлестерін аямады.
1941 жылы 12 мамырда Қазақ КСР халық жер комиссариатының бұйрығымен Қапал және Лепсинск ауылшаруашылық мектептері ірілендіріле біріктіріліп, теміржолға жақын Үштөбе қаласындағы Қаратал құрылыс № 3 теліне көшіріліп, Қаратал ауылшаруашылық механизация мектебі деп өзгереді. Оқуға келушілердің саны артады. Механизация мамандары артып, олар жұмыс жасайтын машина мен тракторлар тапшылығы орын алады. Жастардың техникаға деген қызығушылығынан механизация мамандары резервке тұратын болады. Аласапыран соғыс кезінде механизация саласына мамандарды даярлау тоқтатылмайды.
Соғыс жылдары мектеп өз жұмысын тоқтатпады. Танкист, шофер мамандарын даярлады. Қосымша жас жеткіншектер мен әйел, қыз-келіншектерге тракторист-комбайнерлар курсы жұмыс істеді. Соғыстың ауыр жағдайына қарамастан жатақхана, оқу корпустары іске жарап, сапалы білім, білікті мамандық алуға, жеңіс күніне өз үлестерін қосты. Училище ұжымы мен оқушылар соғысып жүрген солдаттарға, яғни қызыл қырандарды, үлкен қалалардағы жұмысшыларды азық-түлікпен (астық, ет, киім) қамтамасыз етіп отырды.
Қаратал мектебінің алғашқы түлегі, Ұлы Отан соғысының ІІ дәрежедегі мүгедегі Иван Федорович Мартыненко: «Ол қиынқыстау кезең еді. Жатақхана суық, класс жылтуға отын жоқ. Тапшылық заманда біздер сабақтан қалмай, жақсы оқып, мамандықты игердік», - дейді. Қаратал механизация мектебін «Даңқ» орденінің үш дәрежесімен бірдей марапатталған Иван Михайлович Фроловпен қатар Т.Баймуханбетов, С.Калачев, С.Бекшанов, Л.А.Штокман, Н.П.Шубин, К.Бакжаев, И.Топоровский, Б.Ф.Тян, А.Байжуманов, К. Аманбаев, М.К.Дударева, Н.Калашникова т.б. оқып бітіреді. Олар нағыз өз мамандығының шеберлері болды. Бұл мектепті 500 жуық қыз-келіншектер оқып, тракторист мамандығын игеріп шығады. Олардың арасында Ольга Гапенко трактористер курсын 1946 жылы бітіріп, 1947 жылы Талды-Курган ауданының «Бірінші мамыр» ауылшаруашылық артелі даласында 4 гектар жерге егілген қызылша дақылының әр гектарынан 813 центнер өнім алып, рекорд орнатады. Осы еңбегі үшін Ольга Гапенкоға Социалистік Еңбек Ері деген атақ беріледі.
Бірақ механизация мектебі қажетті кадрлармен жеткілікті қамти алмады. Қаратал ауданында орласқан бұл мектептің айналасында күріш егін даласы болғандықтан, су мен батпақтан денсаулыққа зардап туындағандықтан оқушылар ауырып, сабақтан көп қалуына байланысты механизация мектебі қаратал ауданынан Талды-Курган қаласына көшіру шаралары жасалды. 1948 жылы 1 сәуірден Қаз КСР ауылшаруашылық министірлігі № 216 бұйрығымен Қаратал механизация мектебін «Ауылшаруашылық механизация училищесі» деп аталып, 56 гектар жер бөлініп, Талды-Курган қаласына көшірілді. Қазіргі Жансүгіров бұрынғы Киров көшесінде қалаға кіре берісте екі бір қабатты ғимараттар біреуі оқу корпусы, екіншісі жатақхана, одан шеберхана, 4 боксты гараж, мәдениет үйі акті залымен, кітапхана, оқытушылар мен өндіріске баулитын шеберлерге арналған тұрғын үйлер жедел тұрғызылады. Сырттан келіп оқитын оқушыларға арналған жатақхана мәселесі бірінші кезекте тұрады. Оқытушылар мен шеберлер өздері іске кірісіп, саман кірпіштер құйып, 15 жатын орынға арналған екі бөлмелі жатақхана салынады. Бара оған қосымша, жанама бөлмелер де қосылады. Ол құрылысқа оқушылар, оқытушылар, шеберлер көмектерін аянбайды. 1960 жылғы духовой оркестрдің жетекшісі А.И.Гунькин: Директор бастап, курсанттар қостап лай жасап, саман кірпіштер құйдық. Жазық жерде училище ғимараты бой көтерді. Оқу мен машықтану сабақтары аралас жүргізілді. Бірінші мамыр шеруіне біздің оқу мекемесінің қатары басқалардан тәртібі, киім киісі, сап түзеуі, сәні әлде қайда жоғары артып тұрды. Осылай өскелең ұрпақтар қалыптасты», - деп еске алады. Жылдан жылға училищенің материалдық базасы нығайып, өріс ала бастайды. Білікті оқытушылар мен шеберлер қатары көбейеді. Машина-трактор паркі бір дөңгелек трактор, екі ГАЗ-51 машинасы, екі С-6 комбайыны және бір «Коммунар» комбайынымен толысады.
1948-1950 жылдары 120 орынға арналған жатақхана, 300 орынға арналған оқу корпусы, 60 орынды асхана, жылу орталығы, автотрактор гараждары, слесарлық 30 орынды шеберхана, жөндеу, күтім көрсету пункті, авто-тракторларға арналған ұстахана, лабораториялық тәжірибе сабағын өткізетін зертханалар салына бастайды.
Ол кезде мектептің оқу техникалық базасында мынандай техникалар болды: У-2, бір СТ-3, төрт СТ-3-НАТИ, ДТ-54-2 дана, С-60-1 дана, С-80-1 дана, комбайн С-8-4 дана, ГАЗ-ММ-2 дана, ГАЗ-51-1 дана, ЗИС-105-1 дана, токарь станоктары 7 дана, әртүрлі ауылшаруашылық машиналары 17 дана болды. Мектеп кітапханасында 6151 дана қазақша, орысша кітаптар болды. Мектептің педагогикалық ұжымы 12 адамнан тұрған еді.
Ауылшаруашылық механизация училищесінің алғашқы директоры болып соғыс ардагері, армия қатарынан жаңа оралған Рүстем Доргатұлы Доргатов тағайындалады. Табиғи таланты бар, шаруақор, үлкен рухани сезімді ұстаз, ерекше тұлға еді. Әкеге ұқсап баққан ұлы Александр да үлкен ұстаздық жолды таңдайды. Қиындықтарға қарамастан ұжым жұмыс көлемін арттырып, табанды, табысты жетістіктерге жетеді. Үлкен жетістіктерге үлес қосып, өнеге болғандар: М.А.Телегин, И.Пугачев, Ан Су Ек, М. Д. Марцешов, Н.А.Лысенко, И.Т.Калмыков, Г.С.Тарасенко, К.Н.Чудинов, М. А. Борашова, И.А.Лозовой т.б.
Степан Спиридоновтың өмірбаян жолдарынан. Белсенді. Жұмысшы табының көсемі десе болады. Жақсы істерге басқаларды ұмсындыра алды. Облыстағы кәсіби училищелердің іргетасын қалаушылардың бірі саналды. Өте білікті, ұқыпты маман болды. Оқушылармен жалпақ беткейлі металдың қырларын және ағаш өндейтін станоктар жасап шығарды. Ол станоктардың жұмыс өнімділігі артымды болған еді. Қаз КСР еңбегі сіңген шебер, КССР кәсіптік білімінің үздігі, қол өнер істерімен бүкіл одақтық жетістіктер көрмесінде Мәскеуде әйгіленген білік. Бүкілодақтық жетістіктер көрмесінің күміс медалімен марапатталған.
1950 жылы ауылшаруашылық механизация училищесі тікелей ауылшаруашылық министрі мен мемлекеттік комитет «Трудовые резервьке» бағынды. Ауылшаруашылық министрінің 1953 жылы 2 қазандағы бұйрығымен ауылшаруашылық механизация училищесі мелиорация министрлік құзырына беріліп, СПТУ (ОКТУ) № 24 деген статус иеленеді. 1954-56 жылдары училищеде Республика бойынша тыңды игеруге арналған қысқа мерзімді механизаторларды оқыту курстары жұмыс істейді. Оны бітірген түлектер Сарқан ауданының «Пограничник», Кербұлақ ауданының «Қарашоқ», Қапал ауданының «Қапал» совхоздарында еңбек жасады. Көбі сол аталған совхоздардың тұрғындары болып, жанұя құрып, өмір сүріп қалды.
1953 жылғы түлек Отто Рудольфович Адлер өз еркімен Қапал ауданы «Қызыл-Ағаш» ауылына барып, қатарластарымен жаңа совхоздың шаруасын көтеріседі. Жоғарғы еңбек жетістіктерін көрсетіп, ұқыпты, үнемді ісімен үлгі болады. Астық дайындауда еселі еңбегі бағаланып,1967 жылы 19 сәуірдегі КССР жоғарғы кеңесі президиумының бұйрығымен социалистік Еңбек Ері атанады. Ол бір жылда өсіріп жинаған астық өнімі он жылға татымды болған екен. Отто Адлер Жетісу өңірінде 30 жылдан астам еңбек етіпті.
1953 жылы тағы бір түлек Цой фир-Му Адлерге ұқсап бақты. Ол Үштөбе совхозының комбайыншысы болды. Екпінді еңбегі үшін оған да социалистік Еңбек Ері атағы беріледі. Тың игеруде еңбек ерлері тізімін училище түлектері І.Әбдрахманов, К.Исабеков, И.Медин жалғастырды. 1954 жылы Талды-Курганға Ресейдің Иванов облысының 30 жастарды Г.С.Ем механизаторлыққа оқытып, үйретіп, Ақмола облысы, Есіл станциясынан 15 шақырым Клинский совхозына еңбек етуге аттандырды.
Ем Григорий Степановичтің өмір жолдарынан. Семей қаласындағы ауылшаруашылық механизация техникумын және Мәскеу құрылыс институтын бітірген соң Мұқры машина-трактор станциясында механик болып қызмет атқарады. 1954 жылы Григорий Степановичті ОКТУ № 24 жолдамамен қызметке келеді. Ол арнаулы пән «Ауылшаруашылық машинасынан» дәріс береді. Кәсіптік-техникалық білім басқармасы 1970 жылы Григорий Степановичті жаңадан құрылған № 186 ОКТУ-ға директордың өндірістік оқу-ісі жөніндегі орынбасары қылып тағайындайды. Сол училищеде Григорий Степанович 1978 жылға дейін қызмет жасайды. Одан өзіне таныс № 24 ОКТУ-ға мелиорация пәнінен дәріс беруге ауысып, зейнетке шыққанынша қызмет қылады. Жаңа үлгіде құрастырған лабораториялық-тәжірибелік кабинеті 1979 жылы Республика бойынша бірінші орынды иеленді. Оның жасаған үлгісімен Республика бойынша сондай кабинеттер жасала бастайды. Григорий Степанович Құрмет орденінің иегері. Көптеген медальдармен марапатталған. КССР мен Қаз КСР кәсіптік білім беру саласының үздігі болды.
Сапалы білім мен материальдық базаның жоғарлығы үшін № 24 ОКТУ 1956 жылы жоғарғы марапат Республиканың «Құрмет» грамотасы және 20 мың рубль сыйақымен марапатталды. Сол жылы ауылшаруашылық училищелер арасындағы жарыста одақ бойынша екінші орынды иеленді. Ол марапатты «Трудовые резервы» мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары келіп тапсырды. Бұл кезеңде оқу мекемесі жоғарыдан қойылған сұраныс пен талаптарды орындай отырып, қосымша автомашина, мелиорация скреперлерін жүргізушілер, газэлектрдәнекерлеуші, аспаздар, бұрғылау қондырғы шеберлеріне арналған мамандарды даярлауға кіріскен еді. Монголия Республикасынан жастар келіп, кең көлемді механизатор мамандығын оқып, техниканы игеруді үйреніп кетеді. Механизатор мамандық кадрларды оқытып даярлаудағы жетістіктері мен тың жерлерді игеруге қосқан үлесі үшін ОКТУ №24 ұжымы Қаз КСР жоғарғы президиумының «Құрмет» грамотасымен марапатталады. 1957 жылы № 24 ОКТУ ұжымы өз жетістіктерін Қаз КСР-і атынан одақтық көрмеде көрсету құрметіне ие болады. Екі жылдан соң Бүкіл одақтық социалистік жарыстың жеңімпазы ретінде КСРО-ның және одақтық кәсіподақ комитетінің ауыспалы Қызыл туын жеңіп алады.
Қаз КСР кәсіптік білім беру мемлекеттік комитетінің 1959 жылғы шешімімен № 24 училище «үлгі-тірек» деп саналып, бүткіл облыс, республика мұғалімдері мен кәсіптік білім беру саласының оқытушылары мен шеберлері іс-тәжірибе алмасып, білімдерін жетілдіруге осында жиналатын болады.
Инженер-педагог кадрлардың жетіспеуіне байланысты № 24 ОКТУ негізінде 1962 жылы жаңадан индустриалды-педагогикалық техникум ашылады. Бірлескен училище мен техникумның директорлық қызметін атқару білікті жетекші Р.Д.Доргатовқа жүктеледі. Р.Д.Доргатовты әлі күнге дейін түлектері жақсылықпен еске алады. 1965 жылы училище мен техникум бөлініп, әр қайсысы жеке оқу орны болып тіркеледі. Техникум Талды-Курган индустриальды-педагогикалық техникум деп аталады. № 24 ОКТУ-дің директорлық қызметіне Николай Иванович Лысенко тағайындалады. Онымен қатар Марат Джалоцев, Серік Сәрсенбаев, Сиабай Оспанов, Марат Булуақов, Александр Шпель, Николай Якименко, Жалел Хасенов, Анатолий Бакланов тағы басқа өз ісінің білікті мамандары қызмет істейді. Көптеген түлектер осындай білгір ұжымның құрауымен шындалып, еңбекке араласады. Солардың қатарында 1961 жылы бітірген түлек Петр Рудьев болды. Ол дәрежелі машинист-тракторист мамандығын игеріп, жоғарғы дәрежелі маман болып, Талды-Курган ауданының Фурманов колхозында 35 жыл жұмыс жасайды. Еңбек арқауында аудан, облыс құрмет тақтасынан суреті орын алып, құрмет грамоталары мен ақшалай сыйақымен бірнеше мәрте марапатталады. Өзі тәріздес механизаторлармен іс-тәжрибесімен бөлісіп, оларды озықтар қатарына қосып, өсіріп шығарады.
Училищенің түлегі, одан оқыту шебері болған, енді КТО ардагері В.Н.Семикин: «№ 24 ОКТУ шеберханаларының жабдықталуына көптеген МТС-тер жетпеген еді», - дейді. Машина паркі ауласында оқытуға жарақты ауылшаруашылық техникасы сап түзей қойылды. Қысты күні двигательдердің оңай оталуына арналып арнайы су, май жылту жүйесімен жарақталды. Бұл жүйе машина мен тракторлар двигательдерінің ұзақ мерзім жұмыс істеуіне қабылет жасады. Осындай көрегендікпен оқушылар техникаға деген ұқыптылыққа баулынды. Оқушылардың машықтану дәрістері оқытуға арналған оқу шаруашылық егін даласында өткізілді. Егін егу, жер жырту, тырмалау, техниканы жүргізуді меңгеру, жөндеу, шабындық шабу, егін жинау жұмыстарын көзбен көріп, қолмен істеп үйрене білді. Мұндай іскерлік тәжірибе бітіруші түлектерге еңбекке дереу кірісуде өз нәтижесін берді. Үйретуші шебер Константин Николаевич Чудинов: «Сендердің жүргізген егін алқабындағы қомбайын теңіздегі қайық тәріздес. Ал орылған егін алқабы теңіз толқындарына ұқсайды», - деп оқушыларын алдыға жетеледі. Егістік алқабындағы еңбек - күннің атысы мен іңір қараңғысына дейін ұласып жатты. Техникаға күнделікті таңертеңгісін техникалық тексерулер жүргізіліп, ақаулар табылса дереу жөнделіп отырылды. Оқушыларға арналған өндірістік оқыту шаруашылығында егін егістік алқабымен қатар картоп, бақша, пияз өнімдері өсіріліп, қысқы мал фермаларына шөп, фураж да дайындалды.
Сырттан келген оқушылар екі жатақханада орналасты. Біреу бір қабатты, ал екіншісі жаңадан тұрғызылған екі қабаттық. Жаңа жатақханада бір бөлмеде 4 оқушыдан тұрды. Әділ талапқор комендант Татьяна Бедзаева арқауында, жатақханада өте ұқыпты тазалық ұсталынды. Ол оқушыларға анасындай қамқорлықты жасап, қарай білді.
Училищеде спорт өркенді, өрлеу өрісінде танылды. Спорттық секциялар қарышты рөл атқарды. Оны дұрыс жолға қоя білген дене тәрбиесінің оқытушысы Лушикова еді. Көркем өнерпаздар үйірмесінің жетекшісі Виктор Шопп болды. Ол құрған оркестр 1959 жылы Алматы қаласында өткен фестивальда ең үздік деп табылды. Сол фестивальда училище ұжымынан құралған хор да жақсы бағаланып, үкімет адамдарының қатысуымен ТЮЗ-да өтетін галла концертті ашуға қатысуға мүмкіндік берілді. Училищеде оқыту шебері Лисицынның басқаруымен би үйірмесі қарқынды жұмыс істеді. Апта сайын сенбі күні биден кештер мен сайыстар тұрақты өтіп тұрды.
1970 жылы училище директоры болып Иван Федосеевич Нефедов тағайындалып, жақсы істер оңды жолға қойыла игерілді. Училищенің инженер-педагогикалық ұжымы оқу мен тәрбие жұмысында жоғары табысты жетістіктерге жетті.
Қызықты оқиға деректері. 1970 жыл. Желтоқсан. Училищенің комсомол ұйымы Алматы қаласындағы № 41 ОКТУ оқушыларының КСКП ХХІV съезің жақсы жетістіктермен қарсы алуға шақырған үндеуін біріншілер қатарында қолдайтындарын білдіреді.
Болашақ механизаторлар ағайынды Нәдір мен Зимұрат Хайбуллиндер училищені озат бітіріп, индустриальды-педагогикалық техникумда оқуды жалғастыруды ұйғарады. Олар екі мәрте жүгері жинаудағы жетістіктері үшін Панфилов ауданы, Басшы қолхозының басшыларынан қаржылай сыйақымен марапатталған еді.
Қаңтар. 1971 жыл. Училищенің спорт залында екі күн тартысты бәсекелі жарысты дене тәрбиесі оқытушылары М.А.Федосеенко мен Т.Кабаев өткізуде. Теннис, шахмат, дойбы бәсекесі қызықты болды. Әділ қазылар шешімімен екі жыл қатарынан теннистен училище жеңімпазы Сергей Мишин атанды. Ең үздік шахматшы деп Александр Куркин танылды. Дойбыдан Сергей Пономарев бірінші орынды иеленді. Бұл училище оқушылары арасындағы қысқы спартакиада ойындары негізінде өткен бірінші кезені болатын. Алдыда екінші кезең басталмақ.
Ақпан. 1971 жыл. Республикалық техникалық қолөнер көрмесіне № 24 ОТКУ оқушылары өндіріс шебері В.А.Разгуляев, Ю.Чепурченко, П.Чередникова жетекшілігімен дайындық үстінде. Жас өнертапқыш оқушылар ДТ-54 тракторы мен су бүрку агрегатының істе қолданылатын макеттерін қолдан құрап жасады. Оқушы қыздар ұлдардан қалыспай, аспаз мамандығына арналған ыдыс-аяқ үлгілерінің бірнеше түрлерін ағаштан ойып, фанерден құрастырып қолдан жасап, іс жүзінде қолдануға оңтайлы екенін дәлелдеді.